Атыраулық полицейлер мектеп оқушыларына жарық шағылыстырғыш бас киімдер таратты

2 желтоқсан күні Атырау облысы полиция департаменті NCOC компаниясымен бірлесіп, республикалық маңызы бар тас жолдарда орналасқан орта білім беру мекемелерінде арнайы іс-шара өткізді. 

Іс-шараның мақсаты облыс аумағындағы республикалық маңызы бар тас жолдарда орналасқан ауылдық елді-мекендердегі мектеп оқушыларының қауіпісіздігін қамтамасыз ету.

   Осы мақсатта атыраулық полицейлер бастауыш сынып оқушыларына жарық шағылыстырғыш бас киімдер және оқушылар сөмкесі мен сыртқы киімге арналған арнайы жабыстырғыштар таратты. 

- Балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау - тәртіп сақшыларының міндеті. Сондықтан да өңіріміздегі NCOC компаниясымен бірлесіп жасөспірімдер қауіпсіздігі үшін арнайы іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Жалпы талдауға сәйкес жасөспірімдермен орын алатын жол-көлік оқиғаларының көпшілігі ауылдық елді-мекендердегі жол бойында жарық шамдарының аз болуынан және көлік жүргізушілері мектеп оқушыларын қараңғыда байқамай қалып, оқыс оқиғалардың көптеп орын алуы болып отыр. Сол себепті осы жол-көлік оқиғалары соның ішінде, жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында бастауыш сынып оқушыларына жарық шағылыстырғыш бас киімдер және алыстан жақсы көрінетін жабыстырғыштар таратылып, оқушыларға жолда өте сақ болып, жол қауіпсіздігін қатаң сақтау ескертілді,-дейді Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының жол қауіпсіздігін қадағалау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Аманжол Жұмалиев.

 Мектеп оқушыларының қауіпісіздігін қамтамасыз етіп, арнайы іс-шара ұйымдастырып жатқан Атырау облысы ПД қызметкерлері және NCOC компаниясына мектеп әкімшілігі дән риза.