Атыраулықтар өрт сөндіру көлігіне жол бере ме (Видео)

«Өрт сөндіру автокөлігіне жол бер!». Атырау облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мен  Полиция департаментінің қызметкерлері бірлесіп  рейдтік іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық ТЖД Қоғаммен байланыс тобына сілтеме жасап.

Іс-шараның басты мақсаты - шұғыл қызмет автокөліктеріне жол бермеген жүргізушілерді анықтау, жүргізушілер арасында мәдениетті қалыптастыру және жол апатынан сақтау. 
 
"Арнайы дабыл қосылған өрт сөндіру автокөлігі қаланың орталық, басты көшелерімен жүріп өтті. Қала көшелерінде дабылын қосып жүйткіп жүрген бұл өрт сөндіру көлігі осы жолы ешқандай төтенше оқиғаға асықпады. Тек, жүргізушілердің қаншалықты сыйластық танытатынын сынап көрмек болды. Арпалысқа асыққан арнайы автокөліктерге жол беру – әр адамның азаматтық парызы. Өрт сөндірушілер адам тағыдыры таразыға тартылған сәтте жол үстінде барынша жүйіткуге мәжбүр. Ережеге сәйкес темір тұлпар тізгіншілері оларға жол беруі тиіс. Алайда кедергі келтіргендер де табылды", - деді баспасөз қызметіндегілер. 
 
Осылайша, рейд барысында өрт сөндірушілер көлігіне кедергі келтіріп, жол бермеген жүргізушілерге ескерту жасалды. Тәртіп сақшылары жүргізушіге бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп, тәртіпке шақырды.
 
Мира Нұртаева