Атыраулық полицейлер жол апатынан зардап шеккендер үшін қан тапсырды

Тәртіп сақшылары 10 литрге жуық қан тапсырды, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазір облыста «Қауіпсіз жол жүрісі апталығы» акциясы өтіп жатыр. Оның мақсаты - жол-көлік оқиғаларын болдырмау және қауіпсіздік шараларын еске салу.  Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының жол қауіпсіздігін қадағалау тобының аға инспекторы Бауыржан Сәрсекеновтың айтуынша, акция аясында полицейлер жол апатынан зардап шеккен науқастарға қан тапсырды.

- «Қауіпсіз жол жүрісі» акциясы жыл сайын ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады. Апталық аясында жол апаттарының құрбандарын еске алу күніне орай көшеттер отырғызылып, «Сіздің жолаушыңыз жасөспірім», «Үздік авто-мектеп» сынды тағы да басқа іс-шаралар өткізу жоспарлануда, - дейді Бауыржан Сәрсекенов.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері  облыс аумағында 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 90 адам көз жұмды. Ал  412 адам әртүрлі дене жарақаттарын алған.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Фото: freepik.com