Атыраулық полицейлер жүргізушілерге ескерту жасады

Атыраулық полицейлер көлік жүргізушілеріне ескерту жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті. Облыс аумағында жол қозғалысы ережелерінің сақталуы, жаяу жүргіншілердің жолдағы қауіпсіздігі көлік жүргізушілерінің басты жауапкершілігінде. Талдауға сәйкес, қала сыртындағы тас жолдарда жол-көлік оқиғасының орын алуына көлік жүргізушілерінің жылдамдықты шамадан тыс асырып, жолдың қарсы бағытына шығып, авариялық жағдай туғызуы басты себептердің бірі болып отыр.

Мәселен, 9 қаңтар күні сағат 18:30 шамасында Доссор-Бейнеу тас жолының 74 шақырымы тұсында төрт автокөліктің қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. Салдарынан медицина қызметкері оқиға орнында қаза тапқан. Осы орайда, Атырау облысы ПД жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында күнделікті профилактикалық рейд жұмыстарын өткізуде.

Атыраулық полицейлер көлік жүргізушілерден көлікті тізгіндер алдында сақтық шараларын қолданып, жол-жүрісі ережесін сақтап, жылдамдық асырмауды қатаң түрде ескертеді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ