27 қаңтарда жатыр мойны обырының алдын алу апталығы аясында Қазақстанның өңірлік онкологиялық ұйымдарында әйелдер үшін бірыңғай ашық есік күні өтеді. Әйелдер жатыр мойны патологиясы бойынша онкогинекологтардан тегін консультация алып, зерттеле алады. Бұл туралы Өңірлік комуникациялар қызметі хабарлайды.
Атыраулық нәзік жандылар үшін аталған күні сағат 9:00-ден түскі 13:00-ге дейін Владимирский көшесі №2 мекенжайында орналасқан «Атырау онкологиялық диспансерінде» қабылдау жүргізіледі.
- Жатыр мойны қатерлі ісігін алдын алу мақсатында қаңтар айының 22-27-сі аралығында облыстық онкология диспансері базасында және жергілікті емханаларда апталық ұйымдастырылып жатыр. Апталық аясындағы онкогинеколог қабылдауларына және 27 қаңтар күні өтетін ашық есік күніне кез-келген әйел жолдамасыз, тегін, әлеуметтік сақтандырусыз жүгіне алады,- деді Атырау облысы онкология диспансерінің директоры Эльмира Сапарова.
Айта кетейік, Атырау облыстық онкология диспансерінде 5062 науқас есепте тұр. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 9,2 %-ға өскен. Сүт безі, өкпе, тоқ ішек обыры және жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдығушылар саны алдыңғы қатарда.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі