Атырауға Премьер-Министр келді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу жұмыс сапарымен Атырауға келді. Олардың қатысуымен өткен блыс активінде өңірдің жаңа басшысы Серік Шәпкенов таныстырылды. Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен, облыстық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Серік Жамбылұлы Шәпкенов Атырау облысының әкімі болып тағайындалды. «Атырау – мұнайлы өлке. Еліміздің экономикасы үшін маңызы зор облыс. Өткен жылы Президенттің тапсырмасымен Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Осы жоспар бойынша облыста жиналған бірнеше маңызды проблема шешілетін болады. Үкімет бұл жоспарды қосымша қаржыландырып, оның сапалы орындалуын ерекше бақылауда ұстайды. Халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты шараларды жүзеге асыруымыз қажет. Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында осы мәселеге айрықша назар аударылған», — деді Премьер-Министр. Әлихан Смайылов облыстың жаңа басшысы Серік Шәпкеновтің Атырау қаласының әкімі, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып жұмыс істегенін, өңірлік және әлеуметтік жаңғырту саласындағы жұмыстың ерекшелігімен таныс екенін атап өтті. Үкімет басшысы жаңа әкімнің қызметіне табыс тілей отырып, «басшылық қызметтердегі жұмыс тәжірибесі мен білімінің арқасында Серік Жамбылұлы өңір алдында тұрған міндеттерді облыс активімен бірлесе отырып, сапалы атқарады деп сенім білдіреміз», — деді. Сондай-ақ Әлихан Смайылов Махамбет Досмұхамбетовке алғысын білдіре келе, ол басшылық еткен жылдары өңірде бірқатар маңызды жобалар іске асырылып, облыс әлеуметтік-экономикалық дамуда оң нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.