Атырау қаласының 11 мың шаршы метр аумағына дабл нокаут деп аталатын француз раушан гүлдері отырғызылды.
Осыған дейін біржылдық петуниялар мен бархытшөп қаланың шырайын келтірсе, енді олардың орнына көпжылдық раушан гүлдер мен гибискус егілді. Олар қыста -25 градус аязға төзімді және ыстыққа да шыдамды келеді. Қазір бұл гүлдер М.Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрының алдында, Фариза Оңғарсыноваға арналған ескерткіш алдында, Х.Доспанова атындағы әуежайда, Махамбет пен Исатай атындағы орталық алаң мен «Алмагүл» шағынаудандарында өсіп тұр.
Қаланы көгалдандырумен айналысып отырған «Озеленение города Атырау» жобасының жетекшісі Леонид Задерныйдың айтуынша, көпжылдық раушан гүл мен гибискусты егу арқылы қаржы мен уақыт үнемделді. Бұдан алдын раушан гүлдердің әр түбін 500-700 теңгеден Шымкент пен Ташкент қалаларынан сатып алынатын. Олардың басым бөлігі жерсінбей, біраз машақат тудырған екен.
-Атыраудың жері сортаң болғандықтан, гүлдің тамыр алып кетуі қиын. Ауа райы да Оңтүстікке қарағанда анағұрлым ыстық. Оған қоса, қыс мезгілінде үсіп кетпес үшін әр түп гүлдің бетін жабу керек. Мәселен, мың раушан гүл деп алсақ, оның әрқайсысын бүркеп шығу - машақаты көп тірлік. Сонымен қатар, олар климатқа бой үйрете алмай, ауырып та жатады, - дейді Л.Задерный.
Леонид Задерный бұдан да арзан гүлдерді: гладиолус пен георгинаны отырғызуға болатынын алға тартты. Алайда әр күзде олардың тұқымын қазып алып, көктемде қайта отырғызу қажет.
Қазір қаладағы раушан гүлдерді күтіп-баптаумен 60 адам айналысады. Ал 5 жылдан соң қалада жайқалып тұрған 18 мың түп гүлдің саны бұдан да арта түспек.
Өкінішке қарай, Атырау қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен қаланы көгалдандыруға, соның ішінде раушан гүлдер мен гибискусты егуге қанша қаражат қаралғаны жайлы ақпаратты алу мүмкін болмады.