Бүгінде «қара алтынымен» қатар қара ауасымен танылған өндірісті өңірдің экологиясы көпшілікті алаңдатып отырғаны анық, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Осы орайда, AtyrauPress тілшісі ауа сапасы қалай және неше рет тексеріледі, оған кімдер жауапты және оны жақсартудың жолдары бар ма деген сауалға жауап іздеп көрді.
Бұл үшін біз облыстық экология департаментіне аяқтай барып, тексеріс барысын көзбен көріп қайттық. Жуырда ғана облыстық экология департаменті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында «Пинта» мейрамханасы тұсында Жайық өзенінің жағалауы ластанғаны жөнінде видеожазба жарияланғанын анықтады. Осы ақпаратқа сәйкес, биыл 5 қаңтар күні департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары Жайық өзеніндегі судың құрамынан сутекті көрсеткіш, нитраттар, нитриттер, жалпы темір, сульфаттар, мұнай өнімдері, аммоний азоты, хлорид, өлшенді заттар, құрғақ қалдықтар ластаушы затына зертханалық талдау жүргізген еді. Нәтижесінде судың құрамынан ластаушы заттардың мөлшері анықталмады. Атырау қаласының атмосфералық ауа сапасы жоспарлы және жоспардан тыс тексеріліп тұрады екен.
– Ең алдымен облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі мамандары балансындағы «Ганк 4» газталдағышымен өлшем жұмыстарын жүргізеді. Өлшем бензол, метан, көмірсутектер, көміртек оксиді, азот оксиді, азот диоксиді, формальдегид, күкірт диоксиді, күкіртсутек қоспалары бойынша жүргізіледі, - дейді зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің бас маманы Индира Жайлашева.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 тамыздағы №ҚР ДСМ-70 бұйрығымен «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіптік ұйымдар аумақтарындағы атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтері» қабылданған. Осы бұйрықта рұқсат етілген шекті шоғырлану (ПДК) шамасы бекітілген. Ауада зиянды заттардың осы шамадан асу фактісі анықталған жағдайда, Жинақталған құжаттар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне (СЭБ) жолданып, ауаға мониторинг жұмыстары жүргізіледі.
«Қазгидромет» РМК Атырау филиалының деректеріне сәйкес, өткен жылы Атырау қаласы мен Мақат ауданында орналасқан автоматтандырылған станциялары бойынша ауаның күкіртсутегімен ластануының 167 жағдайы тіркелді. Ал, экстремалды жоғары ластану дерегі тіркелмеді. Аталған фактілер бойынша гигиеналық нормативтерді бұзуға жол берген табиғат пайдаланушыларға қатысты заңмен көзделген шаралар алу үшін облыстық СЭБ департаментіне тиісті құжаттар жолданды. Сондай-ақ, ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 36-бабының 1-тармағына сай, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектілерінің ҚР денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын, оның ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтарының алдын алуға, анықтауға, олардың жолын кесуге және жоюға бағытталған. Осы баптың 2-тармағында жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар, құрылысжайлар, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнім, жабдық, көлік құралдары, топырақ, су, ауа және қызметі, пайдаланылуы, тұтынылуы, қолданылуы мен іске асырылуы адамның денсаулық жағдайына және мекендеу ортасына зиян келтіруі мүмкін өзге де объектілер халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) болып табылады деп көрсетілген.
Сонымен қатар, Кодекстің 94-бабының 2-тармағына сәйкес санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, техникалық регламенттер, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптары, нұсқаулықтар, әдістемелік ұсынымдар, әдістемелік нұсқаулар, әдістемелер, бұйрықтар, қағидалар мен стандарттар санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттары болып табылады.
– Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау объектісі болып табылатын ауадағы рұқсат етілген шекті шоғырлану (предельно-допустимая концентрация (ПДК)) гигиеналық нормативтерiнің сақталуына және оған қатысты заңнамалардың орындалуына бақылау және қадағалау жүргізусанитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау саласындағы уәкілетті органдармен жүзеге асырылады, - дейді И.Жайлашева.