Атыраулық ТЖД қызметкерлері жағажайлар қоқыстан тазартылмағандықтан, суға түсу маусымының ресми түрде ашылуын күтуді сұрайды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Өйткені шомылуға рұқсат етілген аумақтардағы жағажайлардағы судың асты сынған әйнек, консерві банкілерінен толық тазартылмады. Тіпті, судың астында балық аулары да болуы мүмкін деп ақпарат таратып отыр Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы.
«Құрметті Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары! Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Сіздерден суға түсу маусымының ресми түрде ашылуын күтулеріңізді сұрайды. Себебі, жағажайлардың асты әлі қоқыстардан тазартылған жоқ, суда шектеу белгілері де қойылған жоқ. Ресми жағажайда құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылған кезде ғана суға түсуге болады. Қазіргі уақытта Жайық өзені өз арнасына әлі түскен жоқ, сол себепті ағыс қатты болғандықтан суға түсу өте қауіпті», - делінген хабарламада.
Осы ретте төтеншеліктер судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды және балаларды су айдындарында қараусыз қалдырмауды сұрайды.
Естеріңізге сала кетейік, шомылуға 15-маусымда ресми түрде рұқсат беріледі.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА