Атырауда сенбіден бері жанып жатқан қамыс өртін сөндіру үшін әуеден 300 тонна су төгілді, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобына сілтеме жасап.
Қазір төтеншеліктер тарапынан аэровизуалды тексеру жүргізіліп жатыр. Әуеден және жер үсті тәсілімен өртті сөндіру нәтижесінде ашық жану аумағы 18 га дейін азайды.
ТЖМ авиациясы тарапынан өрт басталғалы бері 106 рет су төгу жұмыстары жүзеге асырылып, шамамен 300 тонна су бүркілді.
Төтенше жағдайды жою бойынша жедел жұмыстарға Атырау облысы ТЖД, «Ақжайық» МТР күштері мен құралдары, атап айтқанда 100-ге жуық адам және 20-дан астам техника жұмылдырылды.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА