Облыс орталығында бір аптада 6 ұсақ, 4 ірі жол-көлік оқиғасы тіркеліп отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
"Қала аумағында қазіргі уақытта күннің жылынуына орай мопед, скутер, велосипед, самокат сияқты көлік құралдары көбеюде. Осындай көлік құралдары механикалық көлік құралдарына қарағанда адам өмірі мен денсаулығына қауіпті болып табылады. Соңғы бір апта ішінде аталған көлік құралдарының қатысуымен 6 ұсақ, сондай-ақ адам денсаулығына зақым келген 4 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Олардың басым бөлігі жасөспірім жүргізушілердің қатысуымен орын алуда. Басты себеп – жүргізушілердің жолда жүру ережелерін сақтамауы. Осындай жағдайға тап болмас үшін көлікті тізгіндер алдында, айналамыздағы басқа да адамдардың өміріне жауапты екенімізді ескере отырып, жолда жүру ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеміз" дейді Атырау қаласының патрульдік полиция батальонының командирі Даурен Насиполла.
Айта кетейік, 6 наурыз күні Махамбет пен Әбдірахманво көшелерінің қиылысында мопед пен ВАЗ автокөлігін мінгендер жол апатына ұшырады. Соның салдарынан кәмелет жасына толмаған бала зардап шекті. Қазір ол ауруханада жатыр. Мопед жүргізушісінің жасы 16-да. Жедел жәрдем оны облыстық балалар ауруханасына жеткізді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ