«Автобус» іс-шарасы барысында техникалық ақаулары бар қоғамдық автокөліктер анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысы аумағында 23-28 шілде аралығында автомобиль көлігімен, жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көліктік және еңбек тәртіптерін арттыруға, техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған жолаушылар көлігін пайдалану фактілерін анықтау мақсатында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Облыстық полиция департаментінен білгеніміздей, іс-шара кезінде Атырау қаласы полиция басқармасы Әкімшілік полиция бөлімі Жол және техникалық инспекция тобының қызметкерлері жолаушылар мен габаритті емес жүктерді тасымалдау, сондай-ақ көлік құралының тиісті санатына жатпайтын жүктерді қадағалауда.
25 шілде күні сағат 10:30 шамасында маркасы Youtong қоғамдық автокөлігінің 1975 ж.т жүргізушісі алдыңғы әйнегінің жарылған күйінде көлік құралын басқарғаны анықталды. Сондай-ақ, 1978 ж.т жүргізуші маркасы Ankai қоғамдық автокөлігін дөңгелегі жарамсыз күйінде көлік құралын басқарғаны белгілі болды. Аталған оқиға бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы, 5-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ