Атырауда жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

Атырау қаласы Химпоселок ықшамауданында балалар мен жасөспірімдерге арналған 160 орындық спорт кешені ашылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен Қазақстан Республикасы туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев қатысып, құттықтау лебізін білдірді 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет»,деп атап көрсетті. Осыған орай, жасөспірімдер мен балалардың тұрғылықты мекеніне жақын жерде қалаған спорт түрімен айналысу үшін, әр ықшам ауданнан спорт кешендерін салуды қолға алдық. Өскелең ұрпақ сапалы білім алудан, спортпен шұғылданудан өзгелерден кем түспеуі қажет. Сондықтан бүгін пайдалануға берілген ғимараттың игілігін көріп, болашақ чемпиондар түлеп ұшсын деген тілегім бар", - деді облыс әкімінің орынбасары Қ.Нұртаев.

Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы - 1289, 68 шаршы метр. Мұнда  ойын залы, үш жаттығу залы, медициналық бөлме және  жуыну бөлмелері бар. Кешен іші заманауи спорттық құрал-жабдықтармен жарақталған. Сондай-ақ футбол, волейбол, бокс, дзюдо, джиу-джитсу және кикбоксинг сынды спорт түрлерімен  400 балаға дейін жаттыға алады.

Айта кетейік, жаңа нысан облыстық  Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының «№5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» Коммуналдық мемлекеттік мекемесінің иелігіне беріледі.

Анықтама үшін: Облыста 300 мыңнан астам адам бұқаралық спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылданады. Қазіргі уақытта Бірлік ықшам ауданындағы спорт кешенінің де құрылысы аяқталды.  Сонымен қатар, «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілігімен Жаңаталап ауылында да спорттық нысан бой көтерді. Сондай-ақ, биыл Мақат ауданындағы дене шықтыру кешені қайта жаңғыртылып пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, аймақта 19 нысанның құрылысы жүріп жатыр.