Атырауда тығылып жүрген шетелдіктер анықталды

Атырауда заңсыз жүрген Ауғанстан және Бангладеш елінің азаматтары анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп жедел іс-шара барысында заңсыз жүрген Ауғанстан  және Бангладеш Республикасының алты азаматын анықтады. Шетел азаматтары 2023 жылдың қазан-желтоқсан аралығында сауда-саттық, маркетинг бағытында Алматы және Қостанай қалаларына жұмыс барысымен келген. Алайда, визаларының мерзімі асып заңнаманы орындамаған шетелдіктер ел аумағынан шықпай жүрген.

Төрт шетелдікке қатысты сот шешімімен айыппұл салынды, ал екеуінің визасы жарамсыз деп танылды. Көші-қон заңнамасының талаптарын бұзған барлық шетелдікке ел аумағынан шығу визалары берілді. Енді олар Қазақстан шекарасынан 15 күн ішінде кетіп үлгеруі керек.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ