Атырау қаласындағы «Балықшы» шағынауданындағы екі үйді кәріз құбырынан аққан су жайлап барады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Оқиға орнына барған кезде ондағы иісті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс төңіректі алып кеткен. Ауласын жаман су жайлаған үйдің тұрғыны Светлана Шахаеваның айтуынша, кәріз құбыры жарылып, тұрғындарды әбігерге салған.
«Біз осы Қалмұханов көшесінде тұрамыз. Кеше, 18 шілде күні кешкі жетіде кәріз құбырынан жаман су аға бастады. Апатты қызмет келіп, түнгі он екіге дейін жұмыс істеді. Алайда нәтиже жоқ. Ал бүгін таңғы алтыға дейін бүкіл ауламды су жайлап кетті. Тек біздің ғана емес, келесі көшеде орналасқан көршіміздің де ауласына кәріз суы кірді.Таңертең «Атырау су арнасы» мекемесіне бардық. Олар бұл апат жайлы білетінін және жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын алға тартты. Бірақ лас судың қайдан, қалай ағып жатқанын айта алмады. «Қазір жұмысшыларды жібереміз» деп қайтарды. Ал олар тек таңғы тоғыз жарымда ғана келді», - деп ашынды Светлана Шахаева.
Атырау қаласының оң жағалаудағы кәріздік тазарту мекемесінің (КОС) бастығы Магомед Алишаев кәріз суының қайдан шығып жатқанын дөп басып айта алмады.
«Судың қайдан ағып жатқанын түсінбей тұрмыз. Өйткені бұл көшеде кәріз жолы жоқ. Кеше сағат 17:00-де өтініш келіп түскен соң, вакуум көлігі түнімен су сорғылаумен айналысты», - дейді Магомед Алишаев.
Кәріз суын тоқтату үшін 10 адамнан құралған бригада, 3 вакуум, экскаватор және самосвал жұмыс істеп жатыр. Сайт редакциясы бұл мәселенің қалай шешілгенін хабарлайтын болады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА