Атырауда тұрғындарды шошытқан хабарлама тарады...

Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау қаласындағы екі мектепте жарылғыш зат бар деп келген хабарлама бойынша дереу анықтап-тексеру және эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Оқиға орнына құзырлы құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылды.

Жүргізілген жедел әрекет нәтижесінде ғимараттан ешқандай жарылғыш зат анықталған жоқ. Жалған хабарлама беру дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті тұлғаны анықтау үшін кешенді жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Қазір қаладағы барлық мектептердегі қауіпсіздік полицияның жіті бақылауында.

Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау дерегі бойынша 5000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ