Атырауда скринингтің көмегімен онкологиялық аурулар дер кезінде анықталуда

Атыраудағы №7 қалалық емханада ҚазОРҒЗИ АҚ басқармасының төрағасы, ҚР штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарованың қатысуымен жиын өтті. Онда республика бойынша онкологиялық ахуал, онкоқызмет сапасын арттыру және онкологиялық аурулармен күресуге арналған кешенді жоспарлар талқыланды, дер хабарлайды AtyrauPress. 

Сондай-ақ Атырау өңірінің онкологиялық ахуалы бойынша диспансер директоры Эльмира Сапарова баяндама жасады. Бас онколог еліміз бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда онкоаурушаңдық 4,2 пайызға өскенін айтып, бұл скринингтік тексерулердің оң нәтижесі екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, 2022 жылы 39077 жаңа жағдай анықталса, 2023 жылы 41515 жағдай тіркелген. Ал қатерлі ісік бойынша өлім дерегі 2,8 пайызға азайып отыр. Мәселен, 2022 жылы 13037 дерек тіркелсе, 2023 жылы 12920 науқас көз жұмған. 

Шығыс, Солтүстік Қазақстан және Павлодар, Абай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында аурушаңдық өскені байқалып отыр. 

Еліміздің 5 облысында өлім өсімі бар. Атап айтсақ, Маңғыстау, Қызылорда, Абай, Ақтөбе облыстары және Шымкент қаласы.

Қазақстанда  218 186 онконауқас динамикалық бақылауда, ал 2022 жылы 205 822 науқас тіркелген. Бұл көрсеткіш 5,7 пайызға артқан. 

Республикада 15 онкологиялық орталық, көпсалалы аурухананың жанынан 5 онкологиялық бөлім онкоқызмет көрсетеді. 498 онколог, 100 радиолог жұмыс істейді. 

Сондай-ақ медицина ғылымдарының докторы, еліміздің бас онкологы Диляра Радикқызы онкологиялық аурулармен күрес бойынша 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясындағы іс-шараларға тоқталды. 

Кешенді бағдарламалардың негізгі мақсаты – қатерлі ісік дертін азайту және алдын алу, онкологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Ол үшін профилактикалық және салдарымен күрес жұмыстары, ерте диагностиканың жоғары тиімділігін арттыру, мамандандырылған көмекті дамыту, оңалту және паллиативті көмекті жетілдіру, кадрлардың шеберлігі мен ғылымды дамыту бағыттарында жүйелі істер атқарылуда.