Атырауда салынатын жаңа концерт залының қандай болатыны белгілі болды

Қазір тендер өткізуге дайындық жұмыстары басталып кетті. Мұнан соң осыған дейін апатты деп танылған ескі концерт залының ғимараты бұзылып, артынша құрылыс жұмыстары басталады. Жобалау жұмыстары биыл үшінші тоқсанда басталып, құрылыс 2026 жылға дейін жалғасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Құрылысы 10 жылдан бері тоқтап тұрған концерт залының ғимараты бұзылатынын және оның орнына жаңа концерт залын және облыстық тарихи-өлкетану мұражайын салу жоспарланғанын осыған дейін де хабарлаған едік.

Облыстық құрылыс басқармасының баспасөз қызметі концерт залының ғимаратын техникалық тексеру барысында апатты деп танылғанын алға тартты.

"133 617 767,47 теңге ғимаратты бұзуға, құрылыс материалдарын бағалауға және жобаның жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеуге бөлінді. Құрылыстың мердігері - "Engineering Center ltd". Жобалық жұмыстар биылғы жылдың үшінші тоқсанында аяқталады, ал жалпы құрылыс жұмыстары 2024 жылдан 2026 жылға дейін жалғасады", - деп жауап берді басқарманың баспасөз қызметі.

Жобаға сәйкес бірінші қабатта концерт залы мен мұражайдың фойесі, музыка мектебі, бақылау палубасына кіру, екі тұрақ, екі киім-кешек бөлмесі, екі қойма және амфитеатр болады. Сондай-ақ, әр блокта әкімшілік және қосалқы жайлар қарастырылған. Екінші қабатта 1500 және 500 орындық концерт залдары, мұражай экспозициясы, қойма бөлмелері және екі әмбебап сынып болады. Сондай-ақ, әртістердің киім ауыстыру және грим жасайтын бөлмелері қарастырылған. Үлкен залда оркестрге арналған арнайы шұңқыры болады.

Эльмира Мықтыбаева