Атырауда «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен өңірлік Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының облыстық кезеңі өтті. Байқауға өңірден 53 кәсіпкер қатысты. Жалпы аймақта 54 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі болса, бұл салада 120 мың адам жұмыспен қамтылған. -Қазір кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау жақсы. Жергілікті атқарушы билік те бизнес бастаймын дегендерге көмек көрсетуден аянған емес. Кәсіпкерлеріміздің өнімдері бәсекеге қабілетті, кейбірі тіпті экспортқа шығарып жүр. Өңірде кәсіпкерлік саласы негізінен қызмет көрсету мен жеңіл өнеркәсіпке негізделген, деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев. Көрме-байқаудың қорытындысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында «АРТС» ЖШС, «Буркит Сейфти» ЖШС, «New Eco City» ЖШС өнімдері жүлдегер болды. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында жеке кәсіпкер Э.Қалиеваның «ElZA&ART» сән үйі, Өнерпаз ЖШС, А.Уразбаеваның мамандық киімдері бойынша «Global textile Manutaktuting» өнімдері жеңімпаз деп танылды. «Үздік азық-түлік тауарлары» санаты бойынша «Дәмді - анамның тәттілері», «АсылАгро» шұжықтары, «Мако» сауда үйі үздіктер қатарында аталды. Көрме-байқаудың үш аталымы бойынша облыста озып шыққан тоғыз кәсіпкерлік енді республикалық кезеңде сынға түседі.