06 Ақпан, 2023 207

Атырауда қаңтар айында 30 өрт тіркелді

 Атырауда қаңтар айында 30 өрт тіркелді

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Магомед Ахриев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды AtyrauPress.

Биыл жылдың алғашқы айында-ақ қалада өрт саны 30-ға жетті. Бұл өткен жылдың осы айымен салыстырғанда 15 %-ке көп. Сондай-ақ, көліктердің өртке орануы да 5 жағдайға артық тіркеліп отыр.

Былтыр Атырау қаласында жалпы 183 өндірістік-тұрмыстық өрт тіркелген. Ал 2021 жылы 195 жағдай орын алған. Тілсіз жаудың салдарынан 195 млн теңге шығын келтірілген.

2022 жылы өрт кезінде 4 адам, ал 2021 жылы 10 адам қайтыс болды. Өрттің салдарынан 2 адам, ал 2021 жылы 6 адам жарақат алған.

«Өрттің негізгі себептері - электр сымдары мен электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану тәртібін бұзу. Мұндай 126 жағдай орын алып, тіркелген жалпы өрт санының 62,7%-ін құрайды. Құрылғы мен пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан 31 рет өрт болды. Өрт негізінен тұрғын үй секторында – 126, көлік құралдарында – 39, сауда кәсіпорындары – 7, өндірістік ғимараттарда – 12, монша-кір жуу орындарында – 6 жағдай орын алды. Өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторынан шығады. Былтырғы 183 оқиғаның 126-сы тұрғын үйде тіркелді» деді Магомед Ахриев.