Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен облыстық пәндік олимпиадасына биыл өңірдегі мектептердің 11-сыныбында оқитын 200 ден астам оқушы қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Университеттің баспасөз қызметінің мәлім етуінше, олимпиада информатика пәнінен Бекзат Салауат пен Қазыбек Қыдырбай І орынды, Дамир Шапай, Бекжан Болат және Ризабек Алижанов ІІ орын иеленді. Ал Мерей Теміржан, Аят Жанәліұлы, Есбол Сырымбек, Әсем Мирас ІІІ орынды жеңіп алды.
«Білімділер сайысында математика пәні бойынша Гауһар Қалау І орынға ие болса, Алимжан Тулегенов, Дарын Хайдарұлы ІІ орынға лайық деп танылды. Ал Аэлина Еркін, Батырхан Табылды, Асима Ғадылбекова, Арман Аманжолұлы ІІІ орынмен марапатталды. Тартысты олимпиада білімді физика пәні бойынша Бектұрған Дюсембайұлы жүлделі І орынға, Эльдар Жұмабек, Нұрбақыт Мұсағали ІІ орын, Нұрасыл Закария, Жалғас Сапаев, Ерасыл Сәндібекұлы ІІІ орынды иеленді. Ал олимпиада да орыс тілі пәні бойынша жүлделі І орынмен Динара Асанова марапатталса, ІІ орынды Әсел Сұлтанова, ІІІ орынды Балғынбек Қайырлы, Сәуле Байжан жеңіп алды», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Білім грантының иегері атанған үздік оқушы Қазыбек Қыдырбай білім сайысының тартысты өткенін алға тартты.
«Олимпиада өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Тиісінше сайыс та тартысты өтті деп ойлаймын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе әрі мүмкіндік болды. Екі кезеңнен өткен білім тартысында өзімнің дайындалған, бұған дейін де ізденіп, оқып жүрген тапсырмаларым келді», - дейді ол.
Сайыстың марапаттау салтанатында сөз алған университет басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов білім бәйгесінің маңыздылығы мен мәнін айшықтап, олимпиаданың талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік екенін атап айтты.
«Олимпиада сынағынан сүрінбей өткен 5 оқушы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде тегін оқуға грант жеңіп алды. Бұдан бөлек, 8 оқушы 50 пайыз, 14 оқушы 30 пайыз жеңілдікке ие болды. Кемел елдің келешегі - жасөркен оқушылардың қолында. Атырау университеті әрдайым талапшыл, талантты, білімді оқушыларды қолдауға дайын. Алаш қайраткері, ғұлама ғалым Халел Досмұхамедовтың есімін иеленген университетте оқудың мүмкіндігіне ие болған жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын! Осы орайда, шәкірттерін үкілеп олимпиадаға баптаған облыстағы барлық мектеп мұғалімдеріне алғыс білдіремін!», - деді С.Идрисов құттықтау сөзінде.
Пәндік олимпиадаға қатысқан оқушылар Атырау облысының қала, аудан, ауыл мектептерінде білім алады. Олар алдағы ҰБТ сынағынан сүрінбей өтіп, шекті баллды жинаса Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті атанбақ.
Эльмира Мықтыбаева