Атырауда Өзбекстан азаматшасы Қазақстаннан балаларымен бірге неге қуылды?

Әйел көлікті есірткі шегіп басқарған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мұны Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 30 қараша күні сағат 04:50 шамасында Атырау қаласының  «Мұнайшы» шағынауданында  Ваз 2114 автокөлігін тексеру кезінде анықтады.

Көлік жүргізген әйелдің қол сөмкесінен  әртүрлі 34 дана психотропты дәрілер тәркіленіп, оның есірткі шегіп алғаны да белгілі болды.

Көлік құралын басқарған Өзбекстан Республикасының 1992 жылы туған  азаматшасын сараптамадан өткізу нәтижесінде оның  есірткілік мас күйде екендігі анықталды.

Аталған азаматшаға ҚР ның ӘҚБтК ның 608-ші бабымен әкімшілік хаттама толтырылып,  іс-құжаттар әкімшілік сотқа жолданды.

Ал 12 желтоқсан күні әйел 6 баласымен бірге ел аумағынан шығарылды. Өзбекстан азаматшасы мен оның барлық баласының бірде-бір құжаты болмаған.