Атырауда облыстық медициналық жәрдем станциясына жаңа жабдықтар тарту етілді

Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына жаңа туған нәрестелерге арналған портативті кювез бен алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге қажетті симуляциялық жабдықтар жиынтығы тапсырылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы директоры Азамат Ерболовтың айтуынша, заманауи жабдықтар жиынтығы науқастарға жедел жәрдем көрсету үшін таптырмас құрал.

 - Симуляциялық жабдықтар арнайы манекендерден құралған. Олар фельдшер-дәрігерлердің  алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренуі үшін өте қажет. Манекендердің көмегімен мамандар жүкті әйелдерді босандыру, күйіп қалған,  жарақат  алған науқастарға және жүрек соғысы тоқтаған, есінен танған, суға кеткен науқастарға және тағы басқа да жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренеді. Осындай заманауи  жабдықтар жиынтығы мамандардың  оқып үйренуі үшін аса қажет, - деді Азамат Ерболов.

Сондай-ақ, шұғыл түрде білікті медициналық көмек көрсету және жаңа туған нәрестелер арасында өлім-жітімді болдырмау мақсатында JW-TI1000 көлік кювезі тарту етілді. Оның көмегімен қауіпті аймақтағы балалар, шала туған нәрестелер, салмағы аз балалар, ауыр жағдайдағы жаңа туған нәрестелерді қауіпсіз тасымалдауға болады. Жылжымалы кювез шалғайда орналасқан Қызылқоға, Құрманғазы секілді аудандарға тікұшақ не көлікпен жеткізіліп, жаңа туған нәрестелерді  дер кезінде облыс орталығына тасымалдау үшін ыңғайлы. Осымен  Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында екі кювез бар. Алайда облыс халқының өсуіне байланысты мұның өзі де жеткіліксіз екен.

Айта кетейік, NCOC компаниясы облыстық медициналық жәрдем станциясына 2016 жылы да осындай симуляциялық медициналық жабдықтарды сыйға тартқан.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА