Атырауда Нұртілеу Иманғалиұлының 70 жылдығына арналған көшпелі көрменің ашылу салтанаты өтті

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақ журналистикасының қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлының 70 жылдығына арналған «Бай-қуатты болайық!» атты көшпелі көрменің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жарты ғасырға жуық өмірін журналистикаға арнаған Нұртілеу Иманғалиұлының ерен еңбегін жұртшылыққа насихаттауды мақсат еткен республикалық көшпелі көрме Атырауға келді. Салтанатты іс-шараға Нұртілеу Иманғалиұлының жұбайы, інісі, өңірдің зиялы қауым өкілдері, баспа және телевизия саласының ардагерлері мен мәдениет қызметкерлері қатысты.

- Қазақ телевизиясы талантты тұлғаларға кенде емес. Солардың бірегейі – Нұртілеу Иманғалиұлы. Облыс тұрғындарын қайраткер ағамыздың 70 жылдығына арналған көрменің ашылуымен құттықтаймын. Ардагердің өмір жолы да, еңбек жолы да жастар үшін үлкен өнеге. Нағыз ел азаматы атанған Нұртілеу Иманғалиұлының қазақ журналистикасына қосқан үлесі зор. Осындай көрмені ұйымдастырған ағамыздың жұбайына және достарына алғыс білдіремін, деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Атырау қаласы мен тұрғындарына арналған көшпелі көрме облыстық тарихи-өлкетану музейінде 6-27 қыркүйек аралығында өтеді. Көрмеде журналисттің эфирге киген ұлттық киімдері, фотоаппараттары мен камералары, мемлекеттік және мерекелік наградалары, кітаптары мен қолсағаты, жеке қолжазбалары, бұйымдары сынды 200-ге тарта заттары көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты жиын соңында жиналған қауым тележурналистиканың тарланы жайлы естеліктермен бөлісіп, рухына тағзым етті.