Бүгін түнгі сағат 01:04 минута Атырау қаласы «Жұмыскер» шағынауданы маңында Жайық өзені бетінде мұз ойылып, 1 адам суға түсіп кеткен.
Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобының хабарлауынша, Жайық өзені жағасында түнгі уақытта балық аулап отырған 2 адам көмек сұраған дыбысты естиді. Дауыс шыққан жаққа қарай бет алған кезде мұздың ойылуы салдарынан суға кеткен адамды көреді. Лезде құтқарушыларды шақырып, мұз астына құлап кеткен адамды өздері құтқаруға кіріседі. Көмек сұраған азаматты қайыққа мінгізіп, өздері қайық үстінде мұз ортасында қалады. Өйткені балықшылардың қолдан жасалған қайығы жұқа мұз үстінде 3 адамды өтере алмас еді.
Атырау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары оқиға орнына жетіп, мұз үстінде қайықта отырған 3 адамды құтқарды.
Мұзға құлап кеткен 35-40 жас шамасындағы азамат медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Жағдайы қалыпты.
Авариялық - құтқару жұмыстарына Атырау облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ Жедел-құтқару жасағынан 3 құтқарушы мен 1 бірлік техника жұмылдырылды.
Ескерте кетейік, ауа райының жылынуына байланысты Жайық өзені бетіндегі мұз еріп, бүгінде адам өміріне аса қауіп тудырып отыр. Сондықтан қауіпсіздік ережелеріне бей-жай қарамаңыз. Ал ең дұрысы - мұз үстіне шықпаған жөн.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.