Атырауда мотоцикл мінген браконьерлер шекарашылармен қақтығысып қалды

Өңірдегі балық шаруашылығының бүгінгі тынысы туралы Артур Сәдібекұлы айтып берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

- Балық шаруашылығында қордаланған қандай мәселелер бар?

- Браконьерлік бәсеңсімей тұр. Жуырда ғана 31 желтоқсан күні Каспий теңізінің «Мартши» аумағында Шекара қызметкерлері заңсыз қойылған иесіз ау құралдарын анықтады. Аталған жерге 15 мотокөлікпен 30 шақты маска киген азамат келіп, шекарашылармен қақтығысты.

Тағы бір мәселе – өңірде ихтиолог, балық өңдеуші, кеме жүргізуші және балық өсіруші тапшы. Бұл бағытта Атырау, Орал, Астана, Алматыдағы жоғары оқу орындарына грант бөлуге сұраныс берілді. Сондай-ақ, Құрманғазы аудандық техникалық колледжінде балық өсіруші мамандығын оқыту қарастырылуда.

- Былтыр қанша балық ауланды?

- Өткен жылы Жайық-Каспий бассейні бойынша кәсіптік балық аулауға 19 кәсіпорын жұмылдырылды. Оның екеуі – бекіре балық өсіру зауыты. Сөйтіп, 650 адам тұрақты және 3220 адам маусымдық жұмысқа тартылды. Барлығы 14323 тонна балық ауланды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 729 келіге кем.

- Біздің балық өнімдері мұхит асып жатқаны рас па?

- Рас. Былтыр 7570 тонна балық және балық өнімдері Ресей Федерациясы, Украина, Әзірбайжан, Израиль, Грузия, Германия және Польша елдеріне экспортталды. Ал, 6 мың тоннасы Атыраумен бірге, Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Астана, Шымкент және Орал қалаларына сатылды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1400 тоннаға аз. Себебі, сұранысқа сәйкес, республика қалаларына сату көлемі артып отыр.

- Жалпы, балық қоры қалай, молайып келе ме?

- «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» мен «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» былтыр Жайық өзенінен 299 бекіре балығын аулады. Ал, 19 сәуір күні Жайық өзенінен салмағы 190 келі аналық қорытпа (белуга) ауланып, одан 30 келі уылдырық алынды. 29 наурызда тағы да 150 келі қорытпа түсіп, 20 келі уылдырық алынды.

Сонымен қатар, аталған қос зауыт Жайық өзеніне 7984,0 мыңнан астам бекіре шабағын өсімге жіберді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 229 мың данаға артық. Сол сияқты, 2022 жылы «Caspian Royal Fish» ЖШС мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Жайыққа 500 мың бекіре шабағын жіберді.

Фото: ашық дереккөз