Атырауда мемлекеттік бағдарламамен пәтер алғандар үйлерін жалға беріп қойған

Құрманғазы ауданында жүргізілген рейд барысында заң бұзушылыққа барған 22  пәтер иесі анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress Құрманғазы ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілген үйлерді мақсатты бағытта пайдалануын және төлем бойынша құралған қарыздарды тексеру мақсатында құралған аудандық комиссия мүшелері кезекті рейд кезінде мемлекеттік бағдарлама арқылы заңды түрде жалға алған пәтер иелерінің бар-жоғын тексерді.

Бұл жолы тұрғындар тарапынан бірқатар шағым түскен Кадырка елді мекені Астана көшесіндегі   №18, №22 үйлерден бастады. Себебі, кейбір азаматтар пәтерлерді мемлекеттік бағдарлама негізінде алғанымен, өздері тұрмай, жалға беріп қойған.

Тексеріс барысында осындай заң бұзушылыққа барған 22  пәтер иелері анықталды.

Бұл баспана иелеріне ескерту беріледі. Өйткені, мемлекеттік бағдарлама арқылы алған баспанада өздері тұрмай, басқа адамға жалға беру арқылы заңды бұзып отыр.

Сонымен қатар, «ҚазТрансГаз» аймақтық АҚ Атырау өндірістік филиалының аудандық бөлім басшысы Аманғали Сатанов жалға алушы тұрғындардың кейбірі дербес шот ашпай, газға тиісті төлемді уақытында жасамай отырғандарын айтып, ескерту жасады.

Арнайы құрылған комиссия алдағы уақытта да осындай тексеру жұмыстарын жалғастырады.  

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА