Атырауда мас күйде көлік жүргізген адам бейнебақылау арқылы анықталды

Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Көлік жүргізушінің мас екенін жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлері түнгі кезекшілік кезінде сағат 4:04 шамасында байқаған.
 

Олар Әбілқайыр көшесі бойында маркасы Baз 2114 ішінде жүргізуші иесінің алкогольдік ішімдік ішіп отырғанын көріп, тез арада патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама берген.

Автокөлікті тәртіп сақшылары Рауан көпірі тұсында тоқтатып, 26 жастағы жүргізушіні медициналық сараптамаға жеткізген. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің мас болғандығы анықталды. Мас бола тұра рульге отырған атыраулыққа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608 бабының 3-1 бөлігі бойынша хаттама толтырылып, мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды. Ал автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

Бұдан бөлек сағат 3:00 шамасында патрульдік полиция қызметкерлері маркасы Baz 2107 автокөлігін «Жұлдыз» шағынауданы тұсында тоқтатып тексеру кезінде 46 жастағы жүргізушінің де ішімдік ішіп басқарғаны белгілі болды және медициналық сараптама нәтижесінде мас күйде екендігі дәлелденді. Қазір оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608 бабымен хаттама жасақталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.