Атырауда мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ анықталды

Атырауда 1 қылмыстық топ пен 7 тұлғаға қатысты 8 мал ұрлығы қылмысы дәлелденіп, 19 бас мал иелеріне қайтарылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Қылмыс 28-30 қараша аралығында облыс аумағында мал ұрлығының алдын алу мен ашуға бағытталған “Мал ұрысы” жедел-профилактикалық іс-шарасында әшкереленді. Сонымен бірге ет өнімдерін алып сататын 125 дүкен, ет тасымалдайтын 194 автокөлік, 284 шаруақожалықтары  тексеріліп, нәтижесінде малдар мен ет өнімдерін құжаттарсыз тасымалдаудың 32, ал мал мен ет өнімдерін құжаттарсыз сатудың 14 фактісі анықталып, 46 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылып,  704490 теңгеге айыппұл салынған.
Сонымен қатар, қадағалаусыз мал жаюдың 225 фактісі анықталып,  оларға әкімшілік жаза тағайындалып,  923 мың 491 теңге көлемінде айыппұл салынды.   
Іс-шара барысында мал ұрлықтарына талдау жасалып, осы ұрлықтар көп орын алған жерлер анықталды және іс-шаралар өткізу барысында негізгі күштер мен құралдар сол аймаққа бөлінді. Облыс және қала көлеміндегі барлық базарларда, соның ішінде ұрланған мал сатылуы немесе сатып алынуы мүмкін орындарда шұғыл тексеру жұмыстары жүргізілген.

Сурет - ашық дереккөзден