Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен сыбайлас жемқорлық тәуекелі картасының шеңберінде денсаулық сақтау саласында туындаған мәселелерді шешу бағытында атқарылған жұмыстар туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиев баяндама жасады.
- Департаменттің Атырау облысы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік сатып алу жоспарына жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша соңғы 2 жылда берген ұсыныстары нәтижесінде 81 млн теңгеден астам қаржы үнемделген. Мәселен, Геолог емханасымен мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 30 медициналық кресло сатып алу жоспарынан 24 миллион теңгеден астам қаржы үнемделді. Кәсіпкерлік субъектілері мен денсаулық сақтау мекемелері арасында жасалған келісім-шарттардың талаптарына сәйкес, сомалар аяқталу актісіне қол қойылғаннан кейін 30 күн ішінде төленуі тиіс. Алайда төлемеу мерзімі 30 күннен асады. Басқармаға қарасты кей ауруханалар 208 бизнес субъектісіне қарыз, оның жалпы сомасы 1 449 565 646,98 теңгені құрайды, - деді Е. Серікқалиев.
Аталған мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев баяндама жасады.
- Ұқсас жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық медициналық ұйым басшыларының қатысуымен өткен жиналыста заң нормалары қайта түсіндірілді. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылып келеді. 2022 жылдың маусым айынан бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес бағасы 20 000 000 теңгеге дейін тұратын медициналық құрылғылар Денсаулық сақтау басқармасымен, 20 000 000 теңгеден жоғары тұратын медициналық бұйымдар «СҚ-Фармация» ЖШС-мен орталықтандырылып сатып алынады. Бұдан бөлек 2023 жылы келетін мамандар үшін облыстық бюджеттен тұрғын үй алуға 1 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл шара «Отбасы банк» АҚ Атырау облысы бойынша филиалымен бірлесе жүзеге асырылады, - деді Қ.Абдалиев.
Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Е. Серікқалиев аймақта комплаенс қызметімен атқарылған және оны жетілдіру бағытында жүргізілген жұмыстар туралы баяндама жасады.
- Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-офицерлермен 118 сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізді. №2 Атырау облыстық аурухананың комплаенс-офицері жүргізген талдаудың нәтижесінде ауруханың мемлекеттік сатып алу менеджері атқарып отырған лауазымдық қызметімен жіберілген заңбұзушылықтар анықтаған. 2022 жылғы сатып алу бойынша 10 000 000 теңге және 2021 жыл бойынша 67 000 000 теңге аударылып, мемлекеттік бюджет қаражаты талан-таражға салынған. Сондай-ақ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің комплаенс-қызметкерлері 8 құқықбұзушылық анықтады. Яғни оқытушылармен «Платонус» жүйесі арқылы онлайн форматта факультеттің студенттері атынан емтихан тапсыруы, үлгерімдері нашар студенттерінен бағаларын көтеру мақсатында мәжбүрлі түрде ақшалай сыйақы алу фактілері тіркелген, - деді Е. Серікқалиев.
Жиында Серік Шәпкенов жауапты сала мамандарына мемлекеттік сатып алу процесін орталықтандыруды, кадрлармен жұмысты қайта қарау және қызметке кандидаттарды іріктеуді, оқытуды, тәрбиелеудің және осы процестерді бақылаудың жаңа жүйесін құруды, жұмысқа қабылдауда конкурстық рәсімдерді толық цифрландыру арқылы іріктеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуді, бұл жұмыстарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.