Атырау облысында көші-қон заңнамасын бұзған азаматтарға 6 млн 437 мың 331 теңге айыппұл салынып, толығымен өндірілді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің берген ақпаратына сүйенсек, облыс бойынша 12 мың 786 шетелдік уақытша тұруға рұқсат алса, оның ішінде 2 мың 514-і алыс шетелдерден және 10 мың 272-сі ТМД елдерінен келген. Сондай -ақ, көші-қон заңдылықтарын бұзғаны үшін 2 мың 227 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 54 шетел азаматы еліміздің аумағынан тысқары шығарылды.
Шетелдіктерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұру мақсатында қоныстану ықтиярхат куәлігін және азаматтығы жоқ тұлғаның төлқұжатын дайындау үшін 189 формулярлары рәсімделді. ҚР азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен 110 адам қабылданып, қабылдауға өтініш білдірген 17-сіне арналған 15 іс-құжат ҚР Ішкі істер министрлігіне жолданды.
Жыл басынан бері облыста жедел жағдайды, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және заңсыз келуді, тұруды, көші-қон саласы бойынша қылмыстарды, заңсыз көшіп-қонушылардың арналарын анықтап, жолын кесу мақсатында қаңтар және ақпан айларында республикалық «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізіліп, рейдтік тексерулер тұрақты түрде ұйымдастырылды.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА