Атырауда климаттың өзгеруі мен экологиялық ахуал талқыланды

 С.Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінде  "Климаттық диалог: өзара іс-қимылдың тұрақты стратегиялары" атты форум өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Іс-шараға Қазақстандағы БҰҰ және БҰҰДБ өкілдері, Атырау облысының әкімдігі, қазақстандық және халықаралық ірі  салалық компаниялар басшылығы (ТШО, SLB, НКОК, Wika, АМӨЗ, КРІ және т.б.), ғылыми және академиялық қоғамдастық мамандары, қазақстандық экономикалық зерттеулер институты қатысты.

Жиында үш негізгі тақырып талқыланды. Атап айтқанда, климаттың өзгеру салдарын талдау және тұрақты стратегияларды құру жолдарын табу; экологиялық ахуалдан хабардар болуда және  тұрақты технологияларды дамытуда білім беру мекемелерін қолдау; климаттың өзгеруіне қарсы инновация, яғни көміртегі ізін азайтуға көмектесетін озық технологиялар мен инновациялық шешімдерді ұсыну жолдары қарастырылды.

Форум барысында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті 2033 жылға қарай университет кампусын көміртекті бейтарапқа (net Zero) айналдырудың жол картасын жариялады. Жол картасы университеттің ТДМ саясаты мен міндеттемелерін, сондай-ақ көмірқышқыл газы шығарындыларынсыз жасыл кампус құру мақсатына жету үшін қажет шаралар мен ресурстардың дәйекті кешенін анықтайды.

Алдағы 10 жыл ішінде университет топырақ пен атмосфераны сақтауды және суды үнемдеуді мысалдармен көрсетуге міндеттеме алды.

 Эльмира Мықтыбаева