Атырауда қамыс өрті толық сөндірілді

13 шілдеде сағат 16:00-де Атырау облысы Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті сөндірілді, деп хабарлайды AtyrauPress.

«Қазақстан Ғарыш сапары» космомониторингіне негізделген «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты ақпаратына сәйкес, өрттің жалпы ауданы 910 га құрады.

Естеріңізге сала кетейік,  7 шілде күні сағат 09:30-да Атырау қаласының Кеңөзек селолық округінен 30 шақырым жерде Каспий теңізі жағалауының сулы, батпақты жерінде қамыс өсімдіктері жанған болатын. Жану ошақтары анықталғаннан соң Атырау облысы ТЖД мен «Ақжайық» МТР күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жұмылдырылды.

Өрт сөндірушілер 7 күн бойы отпен арпалысты. Күннің аптап ыстығы, аумақтың сулы, батпақты болуы, сондай-ақ қамыстың тығыз қалың өсуі өрт сөндірушілердің өртті тез арада сөндіруіне кедергі туғызғанын айта кеткен жөн. 

Өрт сөндіру автотехникасына өту жолдарының болмауына байланысты, өртті сөндіру жаяу түрде өрт сөндіргіштер мен хлопушкаларды қолдану арқылы және ТЖМ авиациясымен жүзеге асырылды.

Қамыс өсімдіктерінің жануын сөндіру үшін Атырау облысы ТЖД-нен және «Ақжайық» МТР-нан барлығы 80 адам мен 14 бірлік техника  және ТЖМ авиациясы жұмылдырылды.

Өрт басталғаннан бері ТЖМ авиациясымен өрт ошақтарына барлығы 167 рет 500-ден астам тонна су төгілді.

Осы ретте, төтеншеліктер облыс тұрғындарынан табиғатқа, аң аулауға шыққан кезде өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауды: отты жақпауды, оларды қараусыз және сөндірілмеген күйде қалдырмауды сұрайды.
 

Мира НҰРТАЕВА