Құрылыс техникаларын ұрлап, одан түскен ақшаға психотроптық дәрі-дәрмек сатып алмақ болған күдіктілер қолға түсті, деп хабарлайды AtyrauPress.
«24 қыркүйек күні Балықшы ықшам ауданы А.Байжігітова көшесінде орналасқан құрылыс мекемесіне тиесілі салынып жатқан ғимарат ішіндегі құрылыс техникаларын белгісіз адамдардың ұрлағаны жөнінде №1 қалалық полиция бөлімінің кезеші бөлімшесіне хабарлама келіп түскен. Жедел іздестіру шаралары барысында салынып жатқан ғимарат есігінің кұлпын бұзып, құрылыс техникаларын жымқырған 1995 жылы және 2005 жылы туған күдіктілер анықталды. Есептей келе, олар құрылыс мекемесіне 500 000 мың теңге материалдық шығын келтірген. Тергеу жұмыстары кезінде күдіктілер өз кінәларын мойындап, ұрланған техниканы алып-сатарларға сатқандығын және сол қаражатқа психотроптық дәрі-дәрмек алмақшы болғандарын өз сөздерінде келтірген», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік, тергеу кезінде 2005 жылы туған күдіктінің бұрын сотты болғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы бойынша жариялануға жатпайды.
Мира НҰРТАЕВА