Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде 22 маусым мен 17 шілде аралығында Мұрат Мөңкеұлының 180 жылдығына орай Атырау облысының Жылыой, Мақат, Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандарында ұйымдастырылған этнографиялық экспедицияның қорытынды баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Оның мақсаты - халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жетік білген, ата-бабасынан қалған қолөнерді жалғастырушы ұрпақтарынан, ауыл тұрғындарынан, өлкетанушылардан жинаған мұрағаттар мен заттай жәдігерлерді БАҚ өкілдеріне таныстыру.
Экспедиция барысында 150-ге жуық заттай жәдігерлер, этнографиялық бағыттағы тың деректер, тұрғылықты өлкенің жер-су атаулары, құдықтар, обалар, төбелер, халық шығармашылығындағы аңыз-қиссалар, фольклорлық мәліметтер, халықтың дәстүрлі шаруашылығында төрт түлік малға қолданылған емдік әдістер, шұбат пен сабын жасау технологиясының әр түрлі жолдары және тағы басқа этнографиялық бағыт бойынша тың мәліметтер жинақталды.
Экспедицияның алғашқы бағыты Жылыой ауданына музей басшысы М.Кипиев бастап шыққан топтың құрамында әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты М.Тәж-Мұрат, мәдениеттанушы Г.Асылбекқызы, Бас қор сақтаушы Б.Хасанова, қазіргі кезең тарихы ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Мұхитов, жалпы тарих, археология, этнография ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің аға ғылыми қызметкері Н.Қамиева, қорларды есепке алу секторының жетекшісі М.Наурызбаева, қор сақтау секторының жетекшісі А.Масаева болды.
Қасиет Бахкерейқызы