Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Естеріңізде болса, 30 қараша күні есірткі шегіп, көлік басқарған Өзбекстан азаматшасының ұсталғаны туралы ақпарат таратылған еді.
Полицейлер есірткілік мас күйде көлік басқарып, қол сөмкесінде әр түрлі 34 дана психотроптық дәрі-дәрмектер сақтаған 1992 жылы туған Өзбекстан азаматшасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, іс-құжаттар әкімшілік сотқа жолданған болатын.
Тексеріс барысында тәртіп сақшылары 30 жастағы шетелдік азаматша мен оның 6 баласының құжатсыз жүргенін анықтаған.
30 жастағы келіншек Атырау қаласына 2013 жылы келіп, жеке басын анықтайтын құжаттарын жоғалтып алған.
Сонымен қатар, 2015 ж.т, 2017 ж.т, 2019 ж.т, 2020 ж.т, 2021 ж.т, 2022 ж.т. балаларының да құжаты болмаған. Осылайша, Атырау қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері Атырау қалалық перзентханасынан кәмелетке толмаған алты балаға туу туралы анықтама алып, Өзбекстан Республикасының Елшілігіне аталған азаматшаны еліне қайтару үшін берілетін куәлікті алып беруге ықпал етіп, тиісті заңды көмек көрсетті.
Атырау қаласы бойынша әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен 30 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматшасы алты баласымен ҚР аумағынан тысқары шығарылды.
Атырау қаласы полиция басқармасы көші-қон қызметі полицейлері алдағы уақытта да құжаттың заңдылығы бойынша тиісті жұмыстар атқаруды жалғастыра береді.
Фото ашық дереккөздерден алынды