Атырауда «Director`s CUP» дебат турнирі өз мәресіне жетті

Атырауда білім беру ұйымдары басшыларына арналған ІІ республикалық «Director`s CUP» дебат турнирі өз мәресіне жетті.

Атырау облысы білім беру басқармасының әдістемелік орталығы білім беру ұйымы басшылары арасында дәстүрлі ІІ республикалық «Director`s CUP» дебат турнирін өткізді.

Оған республика бойынша Шымкент қаласы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау облыстарының мектеп басшыларынан құралған 10 команда қатысты. ​

Турнирдің мақсаты - мектеп басшыларының көшбасшылық қабілетін, зияткерлік әлеуетін дамыту, өзекті қоғамдық саяси тақырыптарды талқылауға тарту арқылы олардың азаматтық көзқарастарын дамыту және конструктивті диалог пен пікірталасты жүргізу мәдениетін қалыптастыру.

Дебат турнирі қатысушылардың басқарушылық идеялары мен шығармашылық белсенділігін, өз көзқарастары мен ұстанымдарын жеткізе білу қабілеттерінің дамуына жәрдемдеседі деп үміттенеміз. Турнир дебаттың Американдық парламенттік форматына (АPF) сәйкес жүргізіледі.

Сөзге еркіндік берілер пікірсайыс алаңында «Бұл палата мектепте жұмыс істейтін мұғалімдерге қосымша сабақтарды ақылы өткізуге тиым салынуы керек деп есептейді», «Бұл палата мұғалімнің кәсіби дамуы әр мұғалімнің өз жауапкершілігі деп есептейді», «Бұл палата мектеп қоғамды өзгерте алады деп есептейді», «Бұл палата «Педагог мәртебесі» туралы заң шын мәнінде педагогтің мәртебесін арттырады деп есептейді», «Бұл палата бөлінген көшбасшылық мектепті басқарудың тиімділігін арттырады деп есептейді» деген қарарлары қозғалды.

Атырау облысы ұйымдастырған ІІ республикалық «Director`s CUP» дебат турнирінде ұлттық идеологиямен бірге мәдениет, өнер, білім салалары да назардан тыс қалған жоқ. Олар жалпы қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді көтеріп, тың идеялар мен механизмдер ұсына білді.

Сонымен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған пікірсайысшы мектеп басшылары арасында «Қазақша QUIZ» зияткерлік сайысы ұйымдастырылды. Олар 10 турдан тұратын зияткерлік сайыста бақ сынап, ой жарыстырды. Төрешілердің шешімі бойынша мұнайлы астанада өткен сөз сайысының 1 орын жеңімпазы Атырау облысының “Хазар” тобы болса, 2 орынды Батыс Қазақстан облысының “Жетінші аймақ” тобы, 3 орынды Шымкент қаласының “Асанбай Асқаров 100” командалары иеленді.

“Үздік спикер” номинацисы Атырау облысы, Болатбекұлы Досжан. Барлық қатысушыларға алғыс хат пен сертификат, арнайы сыйлықтар табысталды.