Атырауда жылу беру маусымы басталғалы 9 рейд шарасы өтті

Бұл туралы AtyrauPress хабарлайды.

Бұл рейд шаралары жылу беру маусымы басталған кезде көбейе түсетін табиғи газдан улану, өрт шығу секілді қайғылы оқиғаларды алдын алу үшін ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы азаматтық қорғау майоры Ерлан Файзуллаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтты.

- Жылу беру кезеңінде адамдардың қаза болуы мен жарақаттануын болдырмау мақсатында, қала аумағында тұрғын үй секторында және де көп пәтерлі тұрғын үйлерінде өрттің алдын алу, адам қазасын болдырмау үшін тұрғындарға өрт шыққан жағдайда алғашқы жасалатын әрекеттері түсіндіріліп, тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі қағидаларын насихаттау жұмыстары жүргізілді. Аталған іс-шараға Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлер , Атырау облысы Төтенше жағдайлар  департаменті,  «ӨС және АҚЖҚ» ММ, Атырау қаласының полиция басқармасы, «Қаз Транс ГазАймақ» АҚ қызметкерлері және «Қызыл Ай» қоғамының еріктілері қатысты. Сонымен қатар жергілікті БАҚ және әлеуметтік желілерде де алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Е.Файзуллаев.

Жылу маусымы басталғалы бері өрт қауіпсіздігін сақтау масатында  9 рейд шарасы өтіп,  1720 көпқабатты  үй тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп,  жадынама таратылды.

Осы іс-шара барысында 18 тұрғынның отынмен жылытатын пештің ішіне  газды жанарғы құрылғысы орнатылғаны белгілі болды. Сондай-ақ, 15  үйде тоқ жүйесінде кемшіліктер анықталды.