Бұған қатысты тәртіптік іс қаралды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау өңіріне іссапары барысында жол мәселесіне баса назар аударып, облыстағы жолдардың сапасыздығы мен жол құрылысы жолдарының баяу жүргізілетіндігі туралы сын айтып, бұл саладағы жұмыстарды тиісті мерзімде және сапалы аяқтауды тапсырған болатын.
Бұл ретте, Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында прокуратура органдарынан келіп түскен ұсыным негізінде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына қатысты тәртіптік іс қаралды.
Аталған басқарма басшысы мемлекеттік сатып алу шартының мерзімінің өтіп кеткеніне, құрылыс жұмыстары аяқталмай,кешіктірілгеніне қарамастан тұрақсыздық айыппұлын өндірмеген, мердігер мекемені жосықсыз қатысушы ретінде тануға сотқа талап арыз бермеген және жасалмаған жұмыстарына бюджет қаражатын аударған.
Осыған сәйкес, басқарма басшысына жоғарыда аталған бұзушылықтар мен мемлекеттік қызметке кір келтіру фактісіне жол бергені үшін «Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.