Атырауда кәсіпкерлер спорт үйірмелеріндегі білім алушылар тізіміне «өлі жандарды» енгізіп, бюджет қаражатын заңсыз иемденіп келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кәсіпкерлер осындай әдіспен 405 423 теңгені заңсыз иемденген. Прокурорлық ден қою шараларымен аталған қаржы бюджетке қайтарылған.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, Үкіметке аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан дарынды балаларды қолдау жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырған еді. Осыған байланысты аталған санаттағы балалардың үйірмелерге, орталықтар мен жазғы лагерьлерге бару мүмкіндігін қамтамасыз ету көзделген. Талдау қорытындысымен Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының спорттық іс-шараларға бөлінген бюджет қаражатын кәсіпкерлердің заңсыз иемдену фактілері анықталды. Заңнамамен алынып тасталған «өзге де шығындарды» негізсіз қосу есебінен балалар музыкалық мектептерінде оқыту бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасын заңсыз көтергені белгілі болды»
Атырау қалалық прокуратурасының прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесімен қалалық саз мектептерінде бағаны 10%-дан астам көтеруге қатысты заңсыз тәжірибесінің жолы кесіліп отыр. Осылайша қолжетімді білім алу қамтамасыз етілген 2 730 баланың құқығы қорғалды.