Жәрмеңкеге облыстағы 43 ірі мекемелер қатысып, 651 ваканттық жұмыс орындары ұсынылды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жәрмеңкені Еңбек күніне орай ұйымдастырды. Түйіндемесін ала келген азаматтарға «Денхолм Жолдас», «Экспертиз», «Беркит Сэйфти», «ЮСС Суппорт Сервисез», «Нефтестройсервис, «Карат», «Orion Group KZ», «FSSA», «Атырау жылу орталығы» АҚ, «Атырау жарық», «Болашақ Атырау», «АМӨЗ», «Тenaz Management», «Электростроймонтаж», «Казтурборемонт», облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті» және тағы да басқа компаниялар жұмыс ұсынды.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтың айтуынша, жұмысшы мамандықтарына сұраныс көп.
«Ұсынылған 651 ваканттық жұмыс орындарының 584-і жұмысшы мамандықтары – жүргізуші, ағаш сатылы монтаждаушы, аспаз, ас үй қызметшісі, күзетші, қоймашы, спрей маляр, даралаушы, белгі беруші, электрик, тігінші, даяршы, бармен, ас бөлме қызметкерлері, тазалаушы, кір жуушы, жөндеуші, түрлі бағыттағы операторлар, жұмысшы және тағы басқа. Инженерлік позициялар бойынша келесі мамандықтар бойынша 67 вакансиялар ұсынылды. Олар: техника қауіпсіздігі инженері, құрылыс инженері, инженер-механик, инженер-электрик және өзге де мамандықтар», - деді А.Мәмбетов.
Жәрмеңке қорытындысы бойынша мамандар тест тапсырып, жұмысқа қабылданады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА