Атырауда биіктен құлаған балаға қатысты ойын орталығының басшылығы түсінік берді

Қаладағы  «Атырау» сауда үйінде орналасқан ойын орталығында 12 жасар бала ойнап жүріп, биіктен құлап кеткені туралы жазған едік. Енді осы жазатайым оқиғаға байланысты орталық басшылығы түсінік берді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Оқиға 24 наурыз күні сағат 17:00 шамасында болған. Атракционда ойнап жүрген бала кенеттен 5-6 метр биіктен құлап кеткен. Белсенді отбасылық паркінің менеджері Айдана Хабиеваның айтуынша, оқиға орын алған бойда балаға алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

- Біз үшін балалардың қауіпсіздігі алғашқы орында. Сондықтан орталық тарапынан баланың денсаулығы жақсаруына тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Бүгінде аталған оқиғаның салдары анықталуда. Ал бала құлаған аттракцион сол оқиғадан соң жұмысын тоқтатты. Қазір балалардың қауіпсіздігі үшін тиісті шаралар жасап жатырмыз. Қала тұрғындарынан кешірім сұрай отырып, түсіністік танытуларыңызды өтінеміз, - деді Айдана Хабиева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі берген  мәлімет бойынша, баланы жедел жәрдем қызметі облыстық балалар ауруханасының жарақат бөліміне жеткізген. Дәрігерлер науқасты толық тексерген соң «Оң жақ жіліншіктің екі тобығының ығысусыз жабық сынуы» деген диагноз қойды.  

Қазіргі таңда бала амбулаторлы ем қабылдап жатыр.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА