Атырауда баланы судан құтқарған спортшыға құрмет көрсетілді

16 жасар Евгений Русаков катамараннан аударылып кеткен жас баланы құтқарған болатын.

2 қыркүйек күні Орталық дене шынықтыру кешені тұсында 16 жасар Русаков Евгений қайықпен күнделікті жаттығу жұмысында жүрген кезде катамаранға мінген отбасыны көреді.

Кенеттен катамаранның аударылғанын көріп, еш ойланбастан суға кеткен баланы құтқаруға дереу жетіп, аман алып шығады.

Евгений Владимировичтің ерлік әрекеті көпке үлгі екені сөзсіз. Жас қаһарманды Атырау облысы әкімінің орынбасары Бисембиев Жасұлан Орақұлы қабылдап, алғыс білдірді.

Алдағы уақытта әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты.

Евгений №1 Олимпиадалық резервке мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде байдарка мен каноэде есу спортымен 2019 жылдың көктемінен бері айналысады.