Атырауда автобус жолаушыларына айыппұл салынбақ

Айыппұл мөлшері  5834 теңгені құрайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Күн сайын бақылаушылар мен жүргізушілер жолаушыларды тексеріп, жолақы төлемегендерге ескерту жасайды. Алдағы уақытта олар полицейлермен бірлесіп арнайы рейд жүргізбекші. Сол кезде билетсіз жүргендер анықталса, екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болады.

«Біз арнайы талдау жүргізе отырып, жолаушылардың 45 пайызы жолақы төлемейтіндерін анықтадық. Сондай-ақ, жеңілдікке ие балалар, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың картасымен жолақы төлейтіндер де бар. Біз олардың карталарын алып кетеміз, қазір біразы жиналып қалды. Енді ережеге бағынбайтындарға әкімшілік айыппұл салынады» дейді «Смарт-Атырау» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Арслан Аронов.

Айта кетейік, бүгінде облыс орталығында 249 автобус 31 бағытта халыққа қызмет көрсетеді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ