Атырау облысында да алғашқы лек бойынша 32 ауыл әкіміне арналған дәріс бастау алды, деп хабарлайды ATPress.
Бүгін «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы «Табыстарды көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігінің өсуі саласында басшының құзыреттілігін арттыру» тақырыбында 14 облыстың ауыл, ауылдық округ әкімдері мен партияның аумақтық филиалдарының Атқарушы хатшыларын оқыту дәрістерін бастады.
Атырау облысында да алғашқы лек бойынша 32 ауыл әкіміне арналған дәріс бастау алды. Оқыту барысында қатысушылар ауыл скринингі мен маркетингтік талдау жүргізуді, ауыл экономикасын дамыту үшін перспективалы бағыттарды анықтауды үйренеді. Сондай-ақ, ауыл әкімдері ауылда әлеуетті табысты бизнес-жобаларды іске асырудың практикалық дағдыларын меңгереді.
Алғашқы дәріске Мақат, Махамбет, Индер, Қызылқоға аудандарындағы ауылдық округ әкімдері қатысуда. Үшкүндік семинар аяқталған соң, облыс бойынша оқытылатын 77 дәріс қатысушыларының қалған тобына да дәл осындай семинарлар жүргізіледі.
Аталған семинар «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Бұл бағдарламаның басымдықтары ретінде айқындалған ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды арттыру, туризмде жұмыспен қамтуды арттыру және халықтың табысын арттыру факторы ретінде кәсіпкерлік табыстың өсуін ынталандыру негіздері оқытылады.
Семинардың нәтижелері бойынша қатысушы ауыл бизнесіне өз бетінше скрининг ұйымдастырып, жүргізе алатын болады, зерттеу қорытындылары бойынша мамандануды және экономикалық тиімді бизнес-жобаларды анықтай алып, оларды маркетинг және қаржылық модельдеу құралдарын пайдалана отырып, бизнес-жоспарларды дайындауды үйренеді, жобаларды қаржыландырудың ықтимал көздері, сертификаттау мен стандарттау бойынша толық ақпарат алады. Кооперативтерді ұйымдастыру және өткізу тізбегін құру жүйесін меңгереді.