Атырауда «Атырау облысы су арнасы» мекемесі 99 кәсіпкерге қарыз болған

«Атырау облысы су арнасы» мекемесі 99 кәсіпкерге көрсетілген қызметтер мен мемлекеттік сатып алу бойынша тауарларды жеткізгені үшін 739 млн теңге көлемінде қарыз болған, деп хабарлайды AtyrauPress.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтың айтуынша, облыстың  180-ге жуық кәсіпкерінің құқы қалпына келтірді.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын және бизнесті қорғау мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, Агенттік жыл басынан бері "Бизнеске жол" жобасын іске қосты. Жобаны іске асыру басталғаннан бері біз 250 кәсіпкермен кездестік, олардан 25-ке жуық өтініш келіп түсті. Департаменттің ұсынысы бойынша 2 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Департаментпен Атырау облысы Су Арнасы 99 кәсіпкерлік субъектісіне көрсетілген қызметтер мен мемлекеттік сатып алу бойынша тауарларды жеткізгені үшін 739 млн.теңге көлемінде қаражат қарыз екендігі анықталды. Департамент пен әкімдік қабылдаған шаралардың нәтижесінде 49 кәсіпкерлік субъектісіне 587 млн. теңге мөлшерінде сомалар төленді. Осылайша, 49 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қорғалды» , - деді Ерұлан Серікқалиев.

Өңірдің кәсіпкерлерінен күн сайын өтініштері келіп түседі екен. Осы ретте кәсіпкерлер үшін жадынамалар әзірленіп, кездесулер өткізілген.

«Мәселен, 43 кәсіпкер «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ның Атырау облыстық филиалына, «Құрманғазы», «Исатай» кредиттік серіктестіктеріне берешегін толығымен өтеген. Алайда, кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі, кепілдегі мүлікке құқық белгілейтін құжаттары қайтарылмаған. Құжаттарды қайтарудан бас тартудың себебі – филиал мен серіктестіктерге 12 жосықсыз кәсіпкерлік субъектісінің ортақ жауапкершілікке байланысты берешегі. Департамент қызметкерлерінің араласуынан кейін филиал басшылығы оң шешім қабылдады. Кәсіпкерлерге құқық белгілейтін құжаттарды қайтару жүргізіліп жатыр», - деді Ерұлан Серікқалиев.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА