Атырауда Art Fest шығармашылық фестивалі өтті

Атырауда алғаш рет өткен «Art  Fest» шығармашылық инклюзивті фестиваліне инклюзивті білімді қажет ететін жиырмадан астам бала қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress.

«Yemaa Art» кеңістігінде 8 және 13 жас аралығындағы балалар сабын дайындау, сурет салу, ұлттық нақыштағы әшекей жасау, қыштан бұйым жасау және басқа да шығармашылық шеберлік сағаттарына қатысты. Инклюзивті орта қалыптастыру қағидасына сай, шараға мүмкіндігі шектеулі балалалармен қатар олардың қалыпты қатарластары шақырылды.

- Дәл осы жерде бүгін қалыпты балалар ерекше балалармен таныса алды, қарым-қатынас жасай алу мүмкіндігін алды. Осылайша, олар болашақта ерекше балаларға қатысты стереотиптерден аулақ болады. Демек, жаңаша ойлайтын, саналы ұрпақ өседі. Бүгінгі шарамыздың негізгі миссиясы да осы, балаларға мейірімділік пен аяушылық сезімдерін үйрету. Жалпы «Теңіз жүрегі» жобасы әрдайым балаларға, соның ішінде ерекше балақайларға арналған шаралар өткізеді, - деп атап өтті жоба менеджері Рысты Жексенбаева.

Шығармашылық фестиваль қонақтарының бірі мүгедектер арбасын пайдаланушы Жігер Нұрасыл. Ол ДЦП ауруының бір түрі - спастикалық диплегия немесе Литтл ауруына шалдыққан. Осыған байланысты ол үйден оқуға мәжбүр. Оның анасы Абдулова Фарида  ата-аналар атынан осындай шараның өткеніне разылығын білдірді.

- Күнделікті өмірде мүгедектігі бар балалар көптеген негізсіз сынға, тіпті кемсітулерге тап болады. Мұндай инклюзивті іс-шаралар қалыпты балаларда эмпатия мен жанашырлық сезімін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал біздің балаларымызға жағымды эмоциялар сыйлайды, өйткені олар көп уақытын үйде өткізеді. Атырауда бұл мәселеге лайықты көңіл бөлінгені қуантады. Барлық балалар біздің қоғамда бақытты болсын деп тілеймін және ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, - деді Ф. Абдулова.

Айта кетейік, «Теңіз жүрегі» жобасы «Теңізшевройл» компаниясының «Әлеуметтік инвестициялар» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері жоба аясында балалар үшін және түрлі әлеуметтік осал топ өкілдері үшін шығармашылық, білім алу, танымды кеңейту және қайырымдылық секілді бағыттар бойынша 80-нен астам шара ұйымдастырылды.