02 Маусым, 2023 77

Атырауда «ALMALY.KZ» VIII Халықаралық балалар өнер фестивалі басталды


Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау қаласында «ALMALY.KZ» VIII Халықаралық балалар өнер фестивалі басталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

«ALMALY.KZ» Дүниежүзілік фестивальдар қауымдастығының (WAF) Қазақстандағы жалғыз мүшесі. 2017 жылдан бері Атырау қаласында Атырау облысы әкімдігінің, мәдениет басқармасының қолдауымен өткізіліп, фестиваль жеңімпаздары Қазақстанның, оның ішінде Атыраудың намысын қорғап, Македония, Түркия, Беларусь, Украина, Ресейдегі халықаралық ауқымды фестивальдардың жүлдегерлері, Гран-при иегерлері атанды. 

Фестивальге шақыртылған әділ-қазылар алқасы Атырауға Македония, Украина, Ресей, ең жақыны Алматы мен Ақтаудан келген өнер майталмандары. Сайысқа 5-18 жас аралығындағы балалар «вокал», «хореография», «бейнелеу өнері», «көркем сөз» номинацияларында қатысуда. Биыл бұл номинацияларда ерекше білім беруді қажет ететін балалар да қатысып отыр.

Аталған өнерпаздар додасы маусымның 2 күні «Жастар» мәдениет үйінде «вокал», «көркем сөз», «бейнелеу өнері» номинациялары бойынша, 3 маусымда Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда «хореография» номинациясы бойынша өтеді. Ал гала-концерт және қатысушыларды марапаттау салтанатты шарасы 4 маусым «Жастар» мәдениет үйінде өтеді деп күтілуде. 

- Фестиваль аясында қатысушыларға шеберлік сағаттар ұсынылады. 3 маусым хореография, ырғақ сабақтарын ерекше балаларға жүргізетін мамандар үшін қазылар алқасының мүшесі, жоғары санатты хореограф, құрметті ұстаз, халықаралық, республикалық фестивальдердің лауреаты, ерекше балалармен жұмыс жасайтын маман Анна Гиганова шеберлік сағатын өткізеді. Шеберлік сағатқа фестиваль қатысушылары – хореографтар және ерекше балаларды оқыту, дамыту орталықтарының мамандары қатыса алады. Ал 4 маусым күні қазылар алқасының төрағасы, әнші, ұстаз, «Энергия звука», «Психология звука» кітаптарының авторы, психология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық психология ғылымдары академиясының, Халықаралық ақпараттандыру академиясының, Петровский атындағы ғылым және өнер академиясының академигі Андрей Данилов фестиваль вокалисттеріне шеберлік сабағын өткізеді, - деді фестиваль жетекшісі Шарбат Бисалиева.