Атырауда 700 км-ге жуық автожол диагностикадан өтті

Атырау облысында 700 шақырымға жуық автокөлік жолы диагностикадан өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жол сапасын тексерумен қатар, автомобиль жолдарына талдау жасау, жөндеу жұмыстарын уақытылы ұйымдастыру және жүзеге асыру, күтіп ұстау, жөндеумен айналысатын ұйымдарды оңтайлы қаржыландыруды қамтамасыз етіп, сонымен қатар жол құрылысының жай-күйін бағалау үшін диагностика жасайды. 2022 жылы республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдардың 16,8 мың шақырымына аспаптық бағалау жүргізілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 17 735 шақырымға жеткен. Оның 700 шақырымға жуығы Атырау облысына тиесілі. Бұл туралы  «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық  филиалының инженері Мерей Телеуғалиев айтты.

«2022 жылы Атырау облысындағы 396 шақырым автокөлік жолы диагностикадан өткізілді. Ал, өткен жылы 700 шақырым жолға бағалау жұмыстарын жүргіздік.  Оның 627 шақырымында жолдың жәй-күйін тексерілді. Ал, 70,51 шақырымы кепілдік мерзімі бітпеген нысандар. Диагностика кезінде жол жабындысының беріктігі, тегістігі, геометриялық жағдайы тексеріледі, ілінісу коэффициенті мен көлік қарқындылығы және жолдағы сызаттар анықталады. Диагностика жұмыстары бойынша ақпарат ҚР Көлік министрлігі Автокөлік жолдары комитетіне жіберіледі. Нәтижесінде жолдардың қажеттіліктері ескеріліп, жөндеуге, қайта жаңғыртуға қажетті қаражат бюджеттен тиімді бөлінеді» дейді М.Телеуғалиев.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ