Атырауда 10 жылда 8 мыңнан астам бизнес-жобаларға қолдау көрсетілді

«Атамекен» ҰКП-ның 10 жылдық мерейтойы аясында Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарының қорытындысын шығарды. Осы уақыт аралығында палата тарапынан 8 мыңнан астам кәсіпкерге 307 млрд теңгеге бизнес-жобаларға көмек көрсетілген, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы қызметінің негізгі бағыты - бизнестің құқығы мен мүддесін қорғау. Осы ретте 2013 жылдан бастап Өңірлік палатаға бизнес субъектілерінен 4 мың 654 өтініш түсіп, оның 40%-ы оң шешімін тапты. Палатаның бастамасы бойынша 80-нен астам лауазымды тұлға бизнес құқығын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, 10 жыл ішінде бизнестің дамуына тұсау болатын 300-ге жуық әкімшілік кедергілер анықталып, жойылды.

  «Жетістіктердің бірі – «Қазтрангазаймақ» АҚ-тың талабын жою болды. «Қазтрангазаймақ» АҚ  газ үшін 100 пайыз алдын ала төлем және тұтынушы алдын ала мәлімдеген, бірақ пайдаланбаған көлемдер үшін айыппұл салған. Монополистің осы талаптарына кәсіпкерлердің шығындары олардың бюджетіне қосымша ауыртпалық түсірді. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша акционерлік қоғам өзінің нарықтағы үстем жағдайын пайдалана отырып, контрагенттерге экономикалық негізсіз шарттар қоя отырып, нарық субъекті, тұтынушылардың белгісіз тобының заңды құқығына нұқсан келтіретіні анықталды. Бұл өз кезегінде бизнес ортада теріс қоғамдық резонанс тудырған адамдардың шектеусіз тобының құқығының бұзылуына әкеп соқты.
 Өңірлік палата екі жыл бойы түрлі деңгейде көптеген кездесу өткізді. Нәтижесінде ҚР Энергетика министрлігінің «Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы»  бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар тұтынған газ үшін ақы нақты тұтынылған газ көлемі үшін төленеді. Сондай-ақ, газды жеткілікті көлемде алмағаны және асыра алғаны үшін айыппұл санкциялары алынып тасталды», - деді Сәрсенбай Жолдыбаев.

Пандемия кезінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының құқықтық блогы тоқтаусыз жұмыс істегенін атап өткен жөн. Бизнестен 1000-нан астам өтініш қабылданды. Күндіз-түні кәсіпкерлердің көліктің блокпосттар арқылы өтуі, форс-мажор туралы куәліктер алу, бизнес объектілерінің регламенті мен жұмыс режимін өзгерту, салық жүктемесін азайту, жалдау ақысын төлеуден босату, несиелер бойынша төлемді кейінге қалдыру, коммуналдық қызметтер үшін және басқалар бойынша туындайтын проблемалары шұғыл түрде шешілді.
Осы жылдар ішінде Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы мектепке дейінгі, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін бизнесмендердің проблемаларын шешу үшін тиімді диалог алаңына айналды.

2017 жылдан бастап өңірлік палата қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осы уақыт ішінде ҚР Білім беру ұйымдарының тізіліміне облыстың 36-дан астам оқу орталығы кірді, оның ішінде кәсіпорындар жанынан – 6, дербес – 24, колледждер жанынан – 6.

2014 жылдан бастап Палата өңірде дуальды оқытуды дамытып келеді. 2023 жылдың қыркүйегіне 1000-ға жуық кәсіпорын мен 15 колледжді тарта отырып, дуальді жүйе арқылы 5 мыңнан астам студент даярлаудан өтті.

2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін оқу процесіне енгізу жобасы іске асырылды. Жоба аясында 200-ден астам педагог біліктілігін арттырып, облыстың 5 мың студенті мен оқушысы пән бойынша оқытылды.

Мира НҰРТАЕВА 

Фото:istockphoto.com